Урсула фон дер Ляйен: Еуропа БАӘ-ге жасалған шабуылдарды қатаң айыптайды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Аль-Нахаянмен аймақтағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Әңгіме Таяу Шығыстағы қақтығыстың күрт шиеленісуі аясында өрбіді. АҚШ пен Израильдің Иранның әскери және ядролық нысандарына бірлескен соққысынан кейін Тегеран Израильге және Парсы шығанағының бірнеше елдеріне, соның ішінде БАӘ-ге жаппай зымырандық және ұшқышсыз шабуылдармен жауап берді.

Әмірліктерде зымырандардың ұсталғаны туралы хабарланды, сондай-ақ Абу-Дабиге зымыран қирандылары құлады. Жергілікті биліктің мәліметінше, қирандыдан бір адам қаза тапты. Дубайда және басқа аудандарда жарылыстар болды. Жергілікті әуежайлар жабылып, төтенше жағдай жарияланды.

— Мен БАӘ президенті Аль-Нахайянмен сөйлестім. Иранның соққылары мен қаза тапқандарға байланысты толық қолдау білдіріп, көңіл айттым. Еуропа бұл негізсіз шабуылдарды қатаң айыптайды. Олар БАӘ егемендігін өрескел және халықаралық құқықты айқын бұзды. Бұл Біріккен Араб Әмірліктерінің Иран мен оның сенімді өкілдерінің тарапынан зымырандық және ұшқышсыз шабуылдарына тап болған бірінші жағдай емес. Еуропа өзінің аймақтық серіктестерімен толық ынтымақтасады. Мен маңызды аймақтық серіктестермен қарым-қатынасымды жалғастырамын, — деді Еурокомиссия төрағасы.

Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Таяу Шығыстағы әскери шиеленісті айыптады.