Уругвай астанасында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылғы 6-10 мамыр аралығында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың Уругвай мен Бразилияға сапары өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

«Уругвайға сапар аясында Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың бірінші раундын өткізу, Монтевидеода Қазақстанның құрметті консулдығын ашу және Астана мен Монтевидео арасындағы саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Уругвай парламентінің сенаты мен өкілдер палатасының депутаттарымен кездесу жоспарлануда», - деді А. Смадияров министрліктің апталық брифингінде.

Сонымен бірге, Қ. Омаров Уругвайдың бизнес топтарының өкілдерімен дөңгелек үстел жұмысына қатысады.

Латын Америкасы энергетика ұйымының және Латын Америкасы интеграция қауымдастығының басшылығымен кездесулер өткізеді.