Ұрылар ақшаны сейфімен қоса алып кетті - Тараз

None
ТАРАЗ. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Тараздық әйел өз үйінен ұрланған заттарын 8,5 млн. теңгеге бағалады, деп хабарлады Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметі.

«Қожайын әйел небәрі үш сағат қана үйіне болмаған, - деп әңгімеледі баспасөз қызметінде. - Ол түскі тамаққа келсе, үйінің бұзылғанын көреді. Қылмыскерлер аса бейнеттеніп жатпай, ауыр сейфті тік көтеріп алып кеткен, оның ішінде ақша және барлық бағалы бұйымдар, соның басым бөлігі марқұм күйеуі сыйлаған асыл тастармен безендірілген алтын әшекейлер болған».

Қылмыскерлер ілкімді қимылдағанмен, олжаларына қарық бола алмады. Келесі күні Тараз қаласының ІІБ-ның №1 полиция бөлімшесінің криминалдық полиция қызметкерлері ұрлықшы топқа қатысушылардың бірін, 33 жастағы, бұрын сотталмаған облыс тұрғынын ұстады. Оны тінту кезінде заттай айғақтар - 20-ға тарта ұрлаған алтын бұйымдары табылды.

Ол тұтқындалып, ҚР ҚК-нің 4-бөлімі 175-бабымен (аса ірі көлемдегі ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Енді оның сыбайласы іздестірілуде.

«Үйде осыншама бағалы заттарды сақтай отырып, ең болмағанда, дабыл қоңырауы, терезені торлау сияқты қауіпсіздік шаралары қамдалмауы таңғаларлық. Осындай бейқамдықтың салдарынан пәтер ұрлығы өрши түсуде», - дейді ведомстводағылар.