Ұрылар Франциядағы ЮНЕСКО тізіміне енген шіркеуге көлікпен бұзып кірген

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні белгісіз біреулер Фарнциядағы шіркеуді көлікпен бұзып кіріп, тонап кеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі Republique des Pyrenees басылымына сілтеме жасап.

Атлант Пиренеясы департаментінде орналасқан Сент-Мари шіркеуін көлікпен соққан. Бұл шіркеу ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне кіреді.

Қаскүнемдер шіркеудің есігін көлік құралына орнатылған ағаш діңінің көмегімен бұзған. Олар алтын және күміс бұйымдарды, сондай-ақ 16 ғасырдағы дін қызметкерлерінің киім-кешектерін қолды еткен.

Тонаушылар бұзылған көлікті оқиға орнында қалдырып, басқа көлікпен ізін суытқан. Полиция тергеу жүргізіп жатыр.