Ұрылар ұсталып жатыр - ұрлық өршіп тұр

None
ОРАЛ. 30 шілде. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы күндері бірнеше ұрлық фактілері орын алды.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 28 шілде күні түс мезгілінде Оралдағы Жеңіс алаңы тұсында Жайық өзені жағасында демалған 43 жасар ер адам судан шыққан бойда 39 мың теңгесі бар әмияны жоқ екенін байқаған. Полицейлер оқиға ізін суытпай, белгілі бір тұрағы жоқ 32 жасар ер азаматты ұстады, ол бірнеше мың теңгені жұмсап үлгерген.

29 шілде күні Оралдағы «Шарм» сауда үйі маңында ер адам 29 жасар әйелдің әмиянын 28 мың теңгесімен ашықтан-ашық тартып алған. Полицейлер көп ұзамай 31 жасар оралдық тұрғынды қолға түсірді. Одан ақшасымен әмиян кері алынды.

26 шілде күні Сырым ауданы орталығы Жымпитыдағы дүкен де болған ұрлық та ашылды. Мұнда түн қараңғылығын пайдаланған 57 жасар ер адам 2 мың теңгенің киім-кешегін қолды қылған.

Облыста бұдан бұрын алған бірнеше ұрлық та ашылды. Мәселен, биылғы наурызда Бөкей ордасы ауданы Орда ауылынан 40 шақырым жерде жергілікті тұрғынның  400 мың теңге тұратын түйесі жоғалған. Оны еш жерде жұмыс жасамайтын 24 жасар ауылдасы қымқырып, етке тапсырып жіберген болып шықты.

Сол секілді 5 шілдеге қараған түні «GSM-Казахтелеком» ЖШС ғимаратынан ноутбук, төрт ұялы телефон, проектор, бейнекамера, фотоаппарат қолды болған еді. Мұны ұрлаған Ақсай қаласының 19 жасар тұрғыны болып шықты. Фотоаппарат қана кері қайтарылды.