Үржар ханшайымы – Қазақ әйелдерінің келбеті қалай қалыптасты
АСТАНА. KAZINFORM – Көшпелі сақ және түркі қоғамында әйелдердің орны мен рөлі жоғары болды, оған әйел мүрдесін қастерлеп жерлеу рәсімдері дәлел. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының антропологі Рамазан Жанұзақ қазақ даласынан табылған әйел қаңқаларының ғылыми ерекшеліктері туралы айтып берді.
Археология институтында Физикалық антропология зертханасы жұмыс істейді. Онда Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарында табылған антропологиялық материалдар, яғни ежелгі адам сүйектері жинақталады, зерттеледі және сақталады.
Палеоантропологиялық материалдар зертханаға түскен соң, антропологтер оларды алғашқы камералық өңдеуден, яғни топырақ пен шаң тозаннан тазалайды. Кейін олардың жасы мен жынысын анықтау, морфологиялық ерекшеліктерін айқындау, краниометриялық және остеометриялық өлшемдер алу, палеопатологиялық белгілерді ажырату, бас сүйектер мен қаңқа элементтерін 3D сканерлеу, жаратылыстану ғылымы сараптамаларына (палеогенетика, изотопты анализдер, радиокөміртекті мерзімдеу) сынама алу жұмыстары жүргізіледі.
– Белгілі ғалым, қазақтың тұңғыш антропологі Оразақ Смағұлдың зерттеулеріне сүйенсек, қазақ халқының физикалық келбетінің қалыптасуы 40 ғасырға жуық уақытты қамтиды, яғни соңғы 4 мың жылда қазақ даласын мекендеген тұрғындардың бас сүйектері динамикасы орташа қалыпта өрбіген. Жалпы қазақ халқының антропологиялық типі еуропеоидтік және моңғолоидтық нәсілдердің қосындысы, тұрандық түр деп сипатталады. Қазақ әйелдерінің де физикалық келбеті осы көрсеткіштерге сай келеді, – деді Р. Жанұзақ агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Мәселен, 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында ғылымға «Үржар ханшайымы» деген атпен танымал болған әйелдің жерлеу орны табылды. Зерттеуге сәйкес, сүйек қаңқалары сақ кезеңінде, б.з.д. V-IV ғ.ғ. өмір сүрген, 30-35 жас шамасындағы әйелге тиесілі.
– Оның бас сүйегін зерттеу кезінде желке сүйегінің жалпақталып, «бесік» деформациясына ұшырағандығы анықталды, яғни Үржар ханшайымы сәби кезінде бесікке немесе соған ұқсас құрылғыға бөленген. Оған қоса, Үржар ханшайымы бас сүйегінің негізінде жасалған антропологиялық реконструкцияға зер салып қарасақ, оның бет пішіні қазақ әйелдерінің келбетіне ұқсас. Ғылыми тұрғыдан да, ханшайымның антропологиялық типі қазақтардың арасында кеңінен кездеседі. Бұл жағдай да жоғарыда көрсетілген ғасыр аралық сабақтастықты көрсетеді, – дейді ғалым.
Өткен аптада институт зертханасына Түркістан облысынан ерте темір дәуіріне жататын обадан адам сүйектері жеткізілген. Бұл сүйектер де 35-40 жастағы әйелдің қаңқасы екені анықталған.
– Оның бас сүйегінің желке жағынан трепанациялық тесіктің орны табылды. Бұл трепанациялық ота адам қайтыс болған соң, марқұмның мүрдесін мумификациялау мақсатында жасалған. Яғни, көшпелі қоғамдағы белді немесе ақсүйек адамдар қайтыс болғанда марқұмның денесімен қоштасу үшін кейде шалғай өңірлерден өзге тайпа көсемдері келетін болған. Сол себепті адамның денесін ұзақ сақтау қажеттілігі туындаған екен. Біз анықтаған трепанациялық ота әйелдің эстетикалық келбетін құртпай, әдейі желке сүйегі жағынан жасалған. Мұндай оталар бұған дейін тек Орталық және Шығыс Қазақстанның сақ кезеңі ескерткіштерінен анықталған еді, – деп түсіндірді ғалым.
Одан бөлек, жақында Жетісу түркілерінің жерлеу орындары зерттеліп, халықаралық журналға ғылыми мақала жарияланған. Мақалада Алматы облысы Жамбыл ауданы Самсы ескерткішінен табылған археологиялық және антропологиялық материалдар сараланған.
– Бір қызығы, Жетісу өңірінде алғаш рет әйел қабірінде бірге жерленген жылқының қаңқа сүйектері табылды. Сонымен бірге, мұсылман ғұрпымен жерленген әйел қабірінен қола айна, сақина және алқа табылды. Мұның барлығы көшпелі сақ және түркі қоғамында әйелдердің орны мен рөлі жоғары болғанын айғақтайды. Демек, әйелдер қауымы ежелден қазіргі күнге дейінгі барлық қоғамда ерекше орынға ие болғанын көреміз. Оған тарихи, этнографиялық және де жоғарыда көрсетілген археологиялық және антропологиялық деректер дәлел бола алады. Әйел мүрдесін қастерлеп жерлеу рәсімдері – оның бір ғана көрінісі, - деді антрополог Р. Жанұзақ.
Айта кетейік, бұған дейін Бозоқ қалашығынан табылған жауынгер әйел Інжудің мүрдесі туралы сұхбат жарияланған еді.
Сонымен бірге, түркі, хандық және қазіргі Қазақстан әйелдерінің жайына шолу ұсынылды.