Үржар өңірінде су тасқынының алдын алу қатаң бақылауда

ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында тасқынның алдын-алу жұмыстары жүргізілді, қазір жағдай тұрақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күндері Үржар ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімінің қаулысына сәйкес су тасқынына қарсы іс шаралар жоспары бекітілген.

Мамандардың айтуынша, былтырғы күз айлары жаңбырлы болып, қара суықтың ұзақ тұруы және қардың жұқа түсуі салдарынан жер қыртысына 80-90 сантиметрге дейін тоң қатқан. «Қазселденқорғау» мекемесі қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, биылғы жылы жауған қардың қалыңдығы аудан бойынша 33-35 cантиметр, ал Тарбағатай тауының етегінде 55-60 сантиметрді құрап отыр.

«Ауданда жобалық сыйымдылығы 55,3 млн м3 Қарақол су қоймасы және сыйымдылығы 31,5 млн м3 Егінсу су қоймасы бар. Осы су қоймаларының баурайында орналасқан Қоңыршәулі, Шолпан, Қарақол, Жоғарғы Егінсу, Егінсу ауылдық округтері қызыл су басу қаупі бар жерлерде орналасқан. Сол себепті көктемгі тасқын суға қарсы қатаң шаралар қолға алынып, техникалар жұмылдырылып, көпірлер мен суағарлардың асты қар мен мұздан тазартылды. Сондай-ақ, аталған округтерге өткен жылы бөгеттер салынып, қап-қап құммен күшейтілді. Арықтар қазылды»,-  дейді аудан әкімі Серік Зайнулдин.
 

Айта кетерлігі, аудан әкімі жауапты мекеме басшыларымен Қоңыршәулі, Шолпан, Қарақол, Алтыншоқы ауылдық округіне қарасты Айтбай ауылы, Жоғарғы Егінсу, Үржар ауылдық округтерін аралады.

«Былтыр су тасқынына қарсы атқарылған шаралардың арқасында аудан бойынша жағдай тұрақты. Адам шығыны, мал шығыны жоқ» дейді әкім.

Жалпы ауданда тасқынның алдын алу қатаң бақылауда. Аудан әкімінің қабылдау бөлімінде және төтенше жағдайлар бөлімінде 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылған.