Айта кетерлігі, өңірлерде сырттан келетін сүт өнімдерін азайту туралы тапсырма Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жүктелген болатын. Осыған байланысты Үржар ауданында сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Ал тауарлы сүт фермасын ашып отырған мақаншылық кәсіпкер Болатбек Тышанбеков 2013 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында бизнеспен айналысады. Осы ферманы ашу арқылы ол 12 тұрғынды жұмыспен қамтыды. «Құны 200 миллион теңгені құрайтын кешен 200 бас ірі қараға шақталып отыр. Ферма сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту мақсатында инвестжоба бойынша іске асты. Италияның соңғы үлгідегі «Интерплюс» фирмасыныңқондырғыларымен жабдықталды. Ал 100 бас асыл тұқымды мал Ресейден әкелінді», - дейді кәсіпкер.
Енді Болатбек Тышанбеков шағын сүт өңдейтін цех салып, айран, қаймақ пен ірімшік шығаруды көздеп отыр. Бүгінде оның мал бордақылау алаңында 300 бас ірі қара бар.
Аудандағы екінші сүт фермасы Көлденең ауылдық округінде «Юбилейный» шаруа қожалығында ашылды. 200 басқа арналған сүт фермасына Ресейден 115 бас симменталды ірі мүйізді қара мал сатып алынған. Мамандардың айтуынша симменталды тұқымының жас төлдері жақсы күтімнің арқасында жылдам салмақ қоса алады. Асыл тұқымның осы түрі басқаларға қарағанда сүтінің жоғары сапасымен ерекшеленеді, өзге сүтті тұқымдарға қарағанда майлылығы да жоғары.
Айта кетерлігі, шығыс өңірі - елімізде сүт өндіруден алғашқы орынды иеленеді. Өңірде ірі сүт өңдеу кәсіпорындарының шоғырланғандығына қарамастан, сүт шикізатының 70 пайызы ауыл тұрғындарының еншісінде.