Үржарлық жас зергер қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттап жүр

Фото: None
ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Халқымыздың тарихында жасаған бұйымдары талайды тамсандырған зергерлер көп болғанын, ұлтымыз үшін бұл өнердің жат еместігін жақсы білеміз. Бүгінгі күні де арамызда қазақтың ұлттық қолөнерін жетілдіріп, әдемі де айшықты небір бұйымдар жасайтын шеберлер, зергерлер аз емес. Десек те үржарлық жас зергер әрі шебер Ертай Сәрсеновтың туындылары ерекше бір ықыласпен, қажырлы еңбекпен жасалған дүниелер екендігін байқап, бағалап жүргендер қатары көп.

 

  Қазақ зергерлік өнері атадан балаға мирасқа беріліп келе жатқан өнер деуге болады. Себебі, бұйымның қалай жасалғанын көзбен көрмейінше, оны сезіну де еш мүмкін емес. Әрбір шебер өз білгенінің қыр-сырын ұрпағына, шәкірттеріне түсіндіріп, үйретіп кеткендіктен бе, көбіне зергерлер бабасында осы өнермен айналысқан шеберлер болған отбасыдан шығып жатады. Үржарлық Ертай да атасынан әкесіне, әкесінен өзіне дарыған өнерді жастайынан дамытып, бүгінгі күні өзінің табар табысына, дөңгелетер кәсібіне айналдырып отыр.

 

 «Менің атам Сәрсен өзі сері, өзі аңшы, өзі шебер адам болған. Одан бізге мұра болып қалған ат әбзелдері де әлі күнге сақтаулы. Әкем де шеберлік пен ұсташылдықпен айналысады. Бала кезімде оның қолынан түрлі әшекейлі бұйымдардың қалай шыққанын бастан-аяқ бақылап, талай куәсі де болдым. Мектеп бітіргеннен кейін, Алматыға келіп, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің «қолөнер» мамандығына оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін, тәжірибелі ұста әрі зергер Серікқали Көкеновтың жанында жүріп, көп тәжірибе жинақтадым»-дейді Ертай Сәрсенов.

 

  Әшекейден бөлек ол қоңыр үнді қобыздар әзірлейді. Қобыз - бағзыдан келе жатқан таңғажайып аспап. Сондықтан домбыра емес, қобыз жасауға деген құмарлығы ұзақ толғаныстың арқасында, даралану мақсатында пайда болған екен.    «Оқу бітіріп, дипломдық жұмысты жазар кезімде мен қатты ойландым. Жергілікті университеттің мұражайына кіріп, қызметкерінен бізге не жетіспейді деп сұрағанымда «бізде нар қобыз жоқ» деп жауап берді. Содан өз ұстазыма келіп, қобыз жасауда маған жетекшілік етуін сұрап, өзімді ұсындым. Осылайша, дипломымды қорғап шықтым, алғашқы қобызымды да жасадым, - дейді Ертай Алтайұлы.

 

  Алғашқы жасаған қобызы өзі білім алған оқу орнының мұражайына тапсырылып, артынан талай байқауларда жүлделі орындарға ие болған екен. Шебердің қолынан туған қобыздарды тек музыкалық аспап түрінде ғана емес, үйге арналған жәдігер ретінде де сақтауға, көрнекі орынға қоюға әбден болады. Өйткені шебер қобызды тұғырымен қоса жасайды.

 «Қобызды қатты ағаштардан жасайды. Біздің Үржар ауданында қара ағаш көп және оның құрылымы өте әдемі. Сондықтан мен өз қобыздарымды қара ағаштан жасаймын», - дейді шебер.

  Нар қобызды дайындауға 1 жыл уақыт кетсе, қыл қобыз 3 айдың ішінде әзірленеді екен. «Қобызға деген тапсырыстың басым көпшілігі Алматы қаласынан келіп түседі. Кейбір тұрғындар оны сый ретінде де жасатады. Осы күнге дейін жиырма шақты қобыз жасаған екенмін», - деп атап өтті ол..

  Ертай Сәрсенов Үржар ауданындағы Жаңа тілек ауылдық округінде М.Әуезов атындағы орта мектепте еңбек пәнінен сабақ береді. Ол өз білгенін бір ғана балаға емес, бірнеше сыныпқа қатар үйретеді. Сондай-ақ, ауылда арнайы цех ашып қойған. Ауылдастары да Ертайдың шеберлігіне тәнті.