Көршілес ауданға бет алған қайырымдылық керуенін аудан әкімінің орынбасары Серікқазы Сәдуақасов бастап барды. Халық тасқыннан зардап шеккен зыряндықтарға гуманитарлық көмек ретінде азық түлік пен киім-кешектер ұсынған болатын.
«Әрине, апат айтып келмейді. Мұндай жағдайда «көп түкірсе көл болар», «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағиданы берік ұстанғандар апаттың салдарын жеңілдетуге септігін тигізері анық. Біздің ауданымыздың барлық елді мекен тұрғындары қайырымдылық шарасына бір кісідей атсалысты. Осындай ізгі ниет көңіл қуантады», - дейді аудан әкімінің орынбасары Серікқазы Сәдуақасов.
Естеріңізге сала кетейік, Зырян ауданында орын алған тасқын салдарынан жеті елді мекенді су басып қалған болатын.
Су көтерілген сәтте-ақ аудан бойынша мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген еді.
Соңғы ақпараттарға сүйенсек, бүгінде ауданда жағдай оңалып, адамдар үйлеріне орала бастады. Дегенмен, қазір су басқан ғимараттардың көбінен сыздың табы айқын сезіледі, талай үйдегі жићаз бен тұрмыстық техника жарамсыз болып қалған. Оның үстіне, тұрғындар төсек-орын жабдықтары, киім-кешек пен азық-түлік өнімдеріне мұқтаж.
Осыған орай, «Нұр Отан» партиясының Үржар аудандық филиалы ұйытқы болып, қысылтаяң сәтте жерлестерге көмек қолын созу мақсатында гуманитарлық жылу жинау науқанын жариялаған болатын. Қуантарлығы, оған ауданның әр түкпірінен кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар үн қатып, қолдау білдірді.