US Open: Александр Бублик бес сетке созылған матчта жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик US Open турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы «Үлкен дулыға» додасының 31-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик екінші айналымда америкалық Джек Сокпен кездесті.

Д.Сок – қазіргі кезде рейтингте 184-орында тұрғанымен, бұдан төрт жыл бұрын сегізінші сатыға дейін көтерілген тәжірибелі ойыншы.

Қарсыластардың бұған дейін жолдары тоқайласпаған.

Бірінші сетте тай-брейкте америкалық спортшы әбжілдік танытты – 7:6 (7:3). Екіншісінде А.Бублик сондай тартысты геймде есе қайырды – 7:6 (7:2).

Үшіншісінде Д.Сок 6:4 есебімен қайта алға шықса, төртіншісінде қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді – 6:4.

Шешуші, бесінші партияда корт иесі жеңіске жетті – 6:3.

А.Бублик 3 сағат 32 минутқа созылған матч барысында 40 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Д.Соктың еншісінде – 6 эйс, 7 брейк (17 брейк-пойнт).

Осылайша АҚШ ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды. Ол үшінші айналымда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның US Open турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.