АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Йорк қаласында теннистен АҚШ ашық чемпионаты басталды.Қазақстандық теннисшілерден алғашқы болып Александр Шевченко кортқа шықты.
ATP рейтингісінде 89-орында тұрған спортшы алғашқы айналымда әлемнің 18-ракеткасы, испаниялық Алехандро Давидович-Фокинаға тап келді.
Бастапқы екі партияда испаниялық теннисші айқын басымдылық көрсетті – 6:1, 6:1. Содан кейін де ол қарқынынан танған жоқ – 6:2.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде Шевченко 1 эйс жасағанымен, 4 брейк-пойнттан түк шығара алмады. Давидович-Фокина 6 эйс, 7 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Қазақстаннан жекелей сында енді Елена Рыбакина, Александр Бублик және Юлия Путинцева өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның АҚШ-тағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).