АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Анна Данилина аралас сында АҚШ ашық чемпионатының ширек финалына өтті.
А.Данилина финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге екінші айналымда испаниялық Кристина Буча – бельгиялық Йоран Флигеннің мысын басты.
Бірінші партияда испаниялық-бельгиялық жұп сәтті ойнады – 6:4.
Есесіне екіншісінде Данилина – Хелиоваара есе қайырды – 6:3.
Супер тай-брейкте қазақстандық-финляндиялық дуэт матчты жеңіспен түйіндеді – 10:8. 1 сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін мүлт жіберген жоқ. Испаниялық-бельгиялық жұп та 3 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Анна Данилина – Харри Хелиоваара жартылай финалға шығу үшін америкалықтар Тэйлор Таунсенд – Дональд Янгпен таласады.
Өткен жылы Данилина – Хелиоваара осы жарыста жеңімпаз атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Анна Данилинаның жұптық сында 1/8 финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).