US Open: Анна Данилина аралас сында жарыстың 1-ракеткасын ұтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Анна Данилина аралас сында АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады.
Қазақстандық спортшы финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге алғашқы айналымда жарыстың бірінші ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски – ұлыбританиялық Джо Солсберимен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда фавориттер 6:4 есебімен басым түсті.
Екіншісінде қазақстандық-финляндиялық жұп тай-брейкте таразы басын өздеріне аударды – 7:6 (7:5). Сосын супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:8. Бір сағат 38 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Дабровски – Солсбери 4 эйс, 2 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина – Харри Хелиоваара ширек финалға шығу үшін испаниялық Кристина Буча – Йоран Флигенмен таласады.
Өткен жылы осы додада Данилина – Хелиоваара жеңімпаз атанған болатын.
А.Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен бірге жұптық сында да жарысты жалғастыруда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында Даниал Рахматуллаевтың негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.