US Open: Анна Данилина жұптық сында 1/8 финалға жолдама алды

Фото: Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге екінші айналымда жарыстың 4-ракеткалары, америкалықтар Кэролайн Доулхайд – Дезире Кравчикті жолдан ығыстырды.

Америкалық жұп фаворит саналғанымен, қазақстандық-ресейлік дуэт ойын тізгінін қолына ала білді – 6:3, 6:4. Бір сағат 27 минутқа созылған матчта екеуі 2 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Доулхайд – Кравчик 3 эйс, 2 брейкпен шектелді.

Анна Данилина – Ирина Хромачева ширек финалға шығу үшін ұлыбританиялық Оливия Николс – словакиялық Тереза Михаликовамен шеберлік таластырады.

А.Данилина финляндиялық Харра Хелиоваарамен бірге аралас сында екінші айналымда испаниялық Кристина Буча – бельгиялық Йоран Флигенді жеңсе, ширек финалға өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында Даниал Рахматуллаевтың негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Анна Данилина аралас сында жарыстың 1-ракеткасын ұтты.

Юлия Путинцева әлемнің 5-ракеткасына жол берді.