US Open: Әйелдер арасында финалға шыққан теннисшілер анықталды

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ ашық чемпионатында әйелдер арасында финалға шыққан теннисшілер анықталды.

Соңғы бәсекеге бірінші болып әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко жолдама алды.

А.Соболенко жартылай финалда әлемнің 12-ракеткасы, америкалық Эмма Наварродан айласын асырды – 6:3, 7:6 (7:2).

Бір сағат 33 минутқа созылған матчта Соболенко 8 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Наварро 1 эйс, 2 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.

Арина Соболенко өткен жылы да финалда ойнап, тағы бір америкалық Кори Гауфқа есе жіберген еді.

А.Соболенко екінші жыл қатарынан хард төсенішінде өтетін қос бірдей «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шығып отыр. 2023 және 2024 жылдары ол Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. Мұндай нәтижеге осы кезге дейін теннис тарихында Штеффи Граф, Моника Селеш, Мартина Хингис және Виктория Азаренко қол жеткізген.

Биыл АҚШ додасында беларусь теннисшісімен чемпиондық атақты америкалық, әлемнің 6-ракеткасы Джессика Пегула сарапқа салады. Ол камбэк жасап, дүниежүзілік рейтингіде 52-орында тұрған чехиялық Каролина Мухованы қапы қалдырды – 1:6, 6:4, 6:2.

Екі сағат 12 минутқа созылған тартысты ойында америкалық теннисші 1 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) ерекшеленді. Мухова 6 эйс, 4 брейкті (11 брейк-пойнт) қанағат тұтты.

Өткен жылы да жартылай финалға дейін жеткен К.Мухова сол көрсеткішін қайталады. Ал Д.Пегула өз спорттық жолында алғаш рет АҚШ біріншілігінің финалына шықты. Ол осы табысы арқасында қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 3-сатыға көтерілді. Бұған дейін ширек финалда Э.Наварродан жеңіліп қалған К.Гауфф 3-тен 6-орынға түсіп, қазақстандық Елена Рыбакина үздік үштікке іліккен еді. Енді Е.Рыбакинаны дүйсенбіде жаңартылатын рейтингіде Д.Пегула басып озады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілердің қанша табыс тапқанын жазған болатынбыз.