АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 236-ракеткасы Михаил Кукушкин АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысын сәтті бастады.
Қазақстандық спортшы іріктеу сайысының ширек финалында әлемнің 142-ракеткасы, италиялық Андреа Пеллегриноға тап келді.
Бірінші партияда тай-брейкте Кукушкин табандылық танытты – 7:6 (7:4).
Екінші сет 6:3 есебімен қазақстандықтың пайдасына шешілді.
Бір сағат 39 минутқа созылған бәсеке барысында Кукушкин 5 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Пеллегрино 6 эйс, 2 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Михаил Кукушкин іріктеу сайысының финалына шығу үшін рейтингіде 151-орындағы ұлыбританиялық Билли Харриспен таласады.
АҚШ ашық біріншілігінің іріктеу турнирінде Қазақстаннан сондай-ақ Бейбіт Жұқаев пен Дмитрий Попко бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның микстегі қарсыласы анықталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).