US Open: Тимофей Скатов іріктеу сайысының финалына шықты

Фото: Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 190-ракеткасы, 23 жастағы Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисшінің іріктеу сайыстарының жартылай финалында отандасы, әлемнің 218-ракеткасы Бейбіт Жұқаевпен ойнауына тура келді.

Матчты Бейбіт сәтті бастады – 6:3. Екінші сетте тай-брейкте таразы басы Скатовқа ауды – 7:6 (7:5). Үшінші, шешуші партияда Тимофей күш алып кетті – 6:1.

Екі сағат 18 минутқа созылған тартысты бәсекеде Жұқаев 13 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Скатов 2 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.

Тимофей Скатов іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 104-ракеткасы, ұлыбританиялық, 29 жастағы Билли Харриспен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, АҚШ ашық чемпионатына жолдама алады. 

Өткен жылы Скатов іріктеу сайыстарынан өтіп, алғашқы айналымда өнер көрсеткен болатын. Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 207-сатыдағы Денис Евсеев іріктеу сайысында екінші кездесуінде әлемнің 130-ракеткасы, нидерландылық Йеспер де Йонгтан жеңіліп қалды – 3:6, 2:6.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Недовесов Уинстон-Сейлем (АҚШ) ATP 250 турнирінің ширек финалында эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ұлыбританиялық Лука Пау – үндістандық Дхакшинесвар Сурешке жол берді – 1:6, 6:4, 8:10. Сөйтіп жартылай финалдан тыс қалды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның US Open турниріне киіп шығатын киім үлгісін көрсеткенін жазған болатынбыз.