US Open: Тимофей Скатов тартысты матчта әлемнің 7-ракеткасына жол берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 188-ракеткасы, 23 жастағы Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымынан тыс қалды.
Т.Скатов іріктеу сайыстарынан сәтті өткенімен, негізгі жарыста бірден азулы қарсылас – әлемнің 7-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркачқа тап келді.
Бірінші партияда поляк теннисшісі 6:3 есебімен басымдылық танытты. Бұдан кейін матч тартысты өрбіп, қос сет те тай-брейкпен 27 жастағы тәжірибелі Хуркачтың пайдасына аяқталды – 7:6 (7:4), 7:6 (7:3).
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде Скатов 3 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Хуркач 27 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Х.Хуркач үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 32-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсонмен шеберлік байқасады.
Осылайша, АҚШ ашық чемпионатында ерлер арасында жекелей сында Қазақстаннан Александр Шевченко ғана қалды. Ол екінші айналымда әлемнің 20-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафомен кездеседі.
Т.Скатов өткен жылғы нәтижесін қайталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Новак Джоковичтің жеңіс саны жөнінен Роджер Федерермен теңескенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Қытайдағы жарысты жеңіспен бастады.