US Open: Янник Синнер чемпион атана ала ма

Фото: Сhampionat.com

АСТАНА. KAZINFORM – Теннистен АҚШ ашық чемпионатында ерлер арасында соңғы бәсекеге жолдама алған спортшылар белгілі болды.

Әлемнің 1-ракеткасы, 23 жастағы италиялық Янник Синнер бірінші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 25-орында тұрған ұлыбританиялық Джек Дрэйперді қапы қалдырды.

Осыған дейін допинг дауына ілігіп, біраз сынға ұшыраған италиялық теннисші 22 жастағы Д.Дрэйперді 7:5, 7:6 (7:3), 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Тағы бір финал жолдамасын америкалықтар, әлемнің 12-ракеткасы Тейлор Фритц пен рейтингіде 20-сатыдағы Фрэнсис Тиафо сарапқа салды.

Аса тартысты өрбіген матчта 26 жастағы Фритц 4:6, 7:5, 4:6, 6:4, 6:1 есебімен жеңіске жетіп, спорттық жолында алғаш рет АҚШ чемпионатының финалына шықты.

Биыл Аустралия ашық чемпионатында үздік шыққан Я.Синнер АҚШ-та үздік атана ала ма, оны алдағы ойын көрсетеді.

Ерлер арасындағы финал 8 қыркүйектен 9-ына қараған түні өтеді.

Өткен жылы чемпион атанған сербиялық Новак Джокович биыл жарыс жолынан ерте шығып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйелдер арасында финалға шыққан теннисшілер анықталғанын жазған болатынбыз.