АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Даниал Рахматуллаев жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысын сәтті өткізді.
Ақтау теннис мектебінің түлегі іріктеу сайыстарының финалында ATP рейтингісінде 1195-сатыда тұрған марокколық Карим Беннанимен шеберлік байқасты.
Марокколық теннисші іріктеу сайыстарының 8-інші, Даниал 12-ракеткасы болып тіркелген еді.
Д.Рахматуллаев бірінші партияда тай-брейкте 7:6 (7:4) есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде Беннани есе қайырды – 6:4.
Супер тай-брейкте Даниал сәтті ойнады – 10:4.
Осылайша, 17 жастағы Д.Рахматуллаев негізгі жарысқа жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында Даниал Рахматуллаевтың іріктеу турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).