Үш ай бойы іздеуде болған павлодарлық ер адам даладан табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Сәуір айынан бері іздеуде болған Павлодар облысының тұрғыны Қарағанды облысынан аман-есен табылды.

Фото: Polisia.kz

Полицияның мәліметінше, шілде айында ер адамның анасы құқық қорғау органдарына хабарласып, ұлының сәуір айында үйден шығып кеткенін, содан бері оралмай, байланысқа шықпағанын айтқан.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер жоғалған азаматтың Қарағанды облысы Саран қаласына жақын дала аумағында жүргенін анықтады.

Белгілі болғандай, ер адам табыс табу үшін жұмысқа кеткен. Алайда жолда ұялы телефонын жоғалтып алып, жақындарымен байланыса алмаған. Жаңа телефон сатып алуға мүмкіндігі болмағандықтан, бірнеше ай бойы хабарсыз жүрген.

Павлодар облысы полиция департаменті ер адамға қатысты ешқандай қылмыс немесе құқық бұзушылық жасалмағанын мәлімдеді.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарға ұзақ уақытқа басқа жаққа кететін болса, бұл туралы алдын ала туыстары мен жақындарына міндетті түрде хабарлауды ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда Бекет атаға зиярат етуге кетіп, із-түзсіз жоғалған азамттар табылғанын жазғанбыз.