Үш айлық үзілістен кейін Испанияда футбол қайта жанданды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үш айлық үзілістен кейін футболдан Испания чемпионаты қайта жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, Испания чемпионаты әлемді жайлаған коронавирус пантемиясының алдын алу мақсатында 8 наурыздан кейін кейінге шегерілген еді.

Командалар 28-тур ойындарын 11-14 маусым аралығында өткізді. Испания премьерасында үнемі көш басында жүретін «Барселона» мен «Реал Мадрид» клубтары бұл жолы да кезекті жеңісіне жетті.

«Барселона» 13 маусымда сырт алаңда «Майорка» командасын ойсырата жеңді. Олар алаң иелері қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. Аталған кездесуде «Барселона» сапынан Артуро Видаль 2, Мартин Брайтвайт 37, Жорди Альба 79, Лионель Месси 93-минуттарда қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Осылайша «Барселона» 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Ал «Реал Мадрид» бүгін өз алаңында «Эйбар» командасынан 3:1 есебімен басым түсті. Корольдік клуб сапынан Тони Кроос 4, Серхио Рамос 30, Марсело 37-минуттарда мергендік танытты. Оған «Эйбар» ойыншысы Педро Бигас 60-минутта жалғыз голмен жауап қайырды.

Аталған турдан кейін турнир кестесінде өзгеріс болған жоқ. «Барселона» 28 ойыннан кейін 61 ұпаймен бұрынғысынша көш басында тұрса, одан небәрі үш ұпай кем жинаған «Реал Мадрид» екінші орында келеді.

Келесі тур 15-18 маусым күндері аралығында өткізіледі. Бұл жолы өз алаңында «Барселона» «Леганесті», «Реал Мадрид» «Валенсияны» қабылдайды.

Сондай-ақ, футболдан Италия чемпионаты 20 маусымда қайта жалғасады. Ал футболдан Англия Премьер-лигасы 17 маусымда басталады. Германия біріншілігі мамыр айының ортасынан бастап өткізіліп келеді.