Үш бала опырылған карьер құмының астында қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астрахань облысының полициясы үш баланың карьерде қаза болу фактісін тексеріп жатыр, деп хабарлайды ТАСС. Аймақ бойынша ТК АБ баспасөз қызметінен мәлімдегендей, оқиға кеше Икряное ауылында орын алған.

«12,13 және 14 жастағы үш бала қолдағы құралдардың көмегімен құм карьері аумағындағы топырақты қазған. Оның опырылуы салдарынан жасөспірімдер құм астында қалып қойды. 6 қыркүйек күні кешқұрым кәмелеттік жасқа толмағандардың ата-аналары оқиға болған жерді тауып, мүрделерді сыртқа шығарды», - деді баспасөз қызметінен. Балалардың барлығы бақуатты отбасылардан шыққан, өздеріне жақсы сипаттама берілгені атап өтіледі. Болған оқиғаның мән-жайлары анықталу үстінде.