Үш бірдей мүгедек баласы бар отбасыға қамқорлық көрсетілуде

None
ОРАЛ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласында тұратын Қажымұқан мен Бибігүл Күнтуаровтар отбасында алты бала бар,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Соның үшеуі, атап айтқанда, Ерасыл, Ерсұлтан, Дидар туғаннан сал ауруына шалдыққан. Бұрын ауылда тұрып, 2005 жылы қалаға көшкен көп балалы отбасы біраз уақыт пәтер жалдап тұрды. Өткен жыл соңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен жаңадан пайдалануға берілген көп қабатты үйден үш бөлмелі пәтер берілді. Үш бала қазір осы шағын ауданда орналасқан №22 отбасылық-дәрігерлік емхананың тұрақты бақылауында. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен арнайы мүгедек арбалары да берілген. Аталмыш бөлімнің әлеуметтік қызметкері Гүлзипа Салықова ? 2007 жылдан бері үш баланың тұрақты қамқоршысы. Балалардың анасы Бибігүлдің айтуынша, Үкімет пен жергілікті билік тарапынан мүгедек балаларға қамқорлық тұрақты көрсетіліп келеді. Жаңа жылдан бастап жәрдемақы да өсті. Осының бәрі болашаққа деген сенімді нығайта түседі.