Журналистердің сауалына жауап бере отырып Төраға, елімізде 2010 жылдан бері үш буынды сот жүйесі жүзеге аса бастағанын, бұның аса дұрыс әрі уақытылы қадам болғанын атап өтті. «Біз сот жүйесіндегі бірін бірі қайталайтын көптеген инстанцияларды жойдық. Үш буынды сот жүйесіне көшу осы бағыттағы жетілдіру жұмыстарымыз үшін аса маңызды шара болды. Дегенмен, бұл бағытты әлі де жетілдіре түсу қажеттігі туындап отыр. Біз осы мәселені нақты талқылап, алда тұрған келісі саты жөнінде бірқатар шараларды белгіледік», - деді Б. Бекназаров.
Оның айтуынша, бұл ретте облыстық соттарға заңдық күшіне енген сот актілерін 6 ай мерзім ішінде қайта тексеру құқын берген дұрыс. «Егер бұндай жағдай заң арқылы қамтылатын болса бір жағынан мыңдаған азаматтарды әуре сарсаңнан құтқарып, екінші жағынан бүгінгі күні үлкен жүктемемен жұмыс атқарып отырған Жоғарғы соттың тиімді жұмыс істеуіне де септігін тигізетін еді», - деді Б. Бекназаров.
Жоғарғы сот төрағасы келтірген мәліметтерге қарағанда, қазіргі күні облыстық соттар деңгейінде шешімін табуға болатын мәселелердің басым бөлігі Жоғарғы сот инстанциясына жүктелген. «Тек өткен жылдың өзінде ғана бізге сот актілерін қайта қарау бойынша 10 мыңнан астам өтініштер келіп түсті. Қазір Жоғарғы сот шамадан тыс жұмыстарды атқарып келеді. Әрбір судьяға 70-80 сот істері, 100-ден астам өтініштер жүктелуде. Әрине, Жоғарғы сот бұған қарағанда ғаламдық мәселелермен шұғылдануы шарт еді. Алайда, нақты тәжірибеде біз басы артық мәселелермен айналысуға мәжбүрміз», - деді Б. Бекназаров.