НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үш қазақстандық теннисші Максим Батютенко, Аружан Сағындықова және Татьяна Николенко алдағы жыл басында жастар арасында Аустралия ашық біріншілігінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, еліміз тарихында «Үлкен дулыға» турнирінде жастар арасында үш бірдей ойыншымыз алғаш рет бақ сынамақшы.
Бүгін жария етілген жастар арасындағы әлемдік рейтингіде Максим 93-орынға, Аружан 82-сатыға көтерілді.
М.Батютенко жуырда Үндістанның Пуна қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors сериясы бойынша өткен жарыста жекелей сында үздік шықты.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі финалда бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде үндістандық Сахеба Содхиді 6:2, 6:1 есебімен ұтты.
Бұл – Максимнің жекелей сында биылғы екінші титулы. Бұдан екі апта бұрын Үндістанның Дели қаласында өткен осындай жарыста чемпион атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Үндістанда өткен жарыстың чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).