Үш көршілес мемлекет сәуірге дейін Шардараға 11,1 текше шақырым су жібермек

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Келер жылдың сәуіріне дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді деп болжанып отыр. Ташкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 85-ші отырысында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов көрші елдермен осындай келісімге келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

«Екі күн бойы Ташкент қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды: 2022-2023 жылдардағы вегетациялық кезеңдердің қорытындысын шығару, 2023-2024 жылдарға арналған біздің болжам, 2018 жылы өткен Түрікменбашы қаласында және биыл Душанбеде өткен Арал теңізін қорғау бойынша мемлекет басшылары берген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Біз бүкіл аймақ үшін өте маңызды мәселелердің тиімді шешімін табу үшін талқылау жасадық. Атап айтқанда, Сырдария мен Әмудария өзендерінен су алу көлемі бойынша келісімге келдік. Бұл мәселеде біз күш-жігерімізді жұмыла кіріскенде ғана Орталық Азияда су ресурстарын ұтымды пайдалану мен үнемдеуді қамтамасыз ете аламыз», - деді Нұржан Нұржігітов отырыстан кейін Өзбекстандағы қазақстандық меншікті тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Мәлім болғандай, сәуірге дейін «Достық» мемлекетаралық каналы бойынша да 487 млн текше метр су алу жоспарланған. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарында 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне қажетті су көлемін жинақтауға, сондай-ақ Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының мүшелері «Сырдария» өзені бассейніндегі су қоймалары каскадының жұмысына мониторинг жүргізу және болжамнан ауытқу анықталған жағдайда Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан тараптарын дереу хабардар ету жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы енді жылына 2 емес, 4 рет өтпек. Келесі жиын Астана қаласында ұйымдастырылады.