Никита Бояркин «Барыстан» кетуінің себебін ашып айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы мен Владивостоктың «Адмирал» клубының қақпашысы Никита Бояркин маусымаралық кезеңде «Барыс» командасынан күтпеген жерден кетуіне қатысты егжей-тегжейлі сұхбат берді. Сондай-ақ ұлттық құраманың тағы бір қақпашысы Андрей Шутовпен арадағы жанжал туралы қауесеттерге түсініктеме беріп, Қиыр Шығысқа қоныс аудару туралы шешімінің себебін түсіндірді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі жазды.

Фото: КХЛ

Өткен маусымда қақпашы ауыр жарақат алып, тізесінің алдыңғы айқас байламы үзіліп, тоғыз ай бойы ойындарға қатыса алмады. Бояркин жаңа чемпионатты Астанада бастауды жоспарлағанымен, клуб басшылығы онымен жасалған келісімшартты біржақты тәртіппен бұзған.

«Тоғыз ай бойы ойындарға қатыспадым. Емделдім, оңалту курсынан өттім, жаттығуға дайындалдым. Тіпті алаңға жоспарланған мерзімнен сәл ертерек оралдым. Ол кезде қақпашылар жетіспеді, шетелдік ойыншы жарақат алып қалды. Сондықтан ойынға шығуыма тура келді.

Әрине, алаңға оралғанда қобалжу болды. Өйткені жарақатым өте ауыр еді. Тіпті спорттық мансабымды жалғастыра аламын ба деген сұрақ та туындады. Қақпашылар арасында мұндай жарақаттар сирек кездеседі. Дегенмен белгіленген мерзімде қалпыма келдім. Маусым барысында әр ойын сайын бабымды жақсарта түстім.

Маусымаралық кезеңде келісімшартымның құны жоғары екенін және клубтың менен қоятын талабы да соған сай болатынын түсіндім. Алайда осы маусымда өзімнің дайын екенімді дәлелдеуге де мүмкіндік бермегені көңіліме аздап қаяу түсірді. Бірақ клуб осындай шешім қабылдады, оған ықпал ете алмадым», — деді Никита Бояркин ҚХЛ-дың ресми сайтына берген сұхбатында.

Никитаның айтуынша, жарақаттан кейін өзін көрсетуге оған мүмкіндік берілмеген.

— «Барыстан» ешқандай ұсыныс болған жоқ. Бар болғаны үш күн бұрын телефон соғып, жаттығуға келмеуімді айтты. Одан кейін жаңа команда іздеуге шамамен екі апта уақыт кетті. Бір апта ішінде «Адмирал» клубынан хабарласып, менің кандидатурама қызығушылық танытатынын жеткізді. Үш күннің ішінде барлық мәселені талқылап, келісімшартқа қол қойдым, — деп түсіндірді қақпашы.

Сондай-ақ Бояркин жаңа командасында өзінің мықты ойыншы екенін дәлелдеуге ниетті екенін, алайда бұрынғы клубынан кек алуды мақсат етпейтінін айтты.

Андрей Шутовпен арадағы жасанды бәсекелестік туралы қауесеттерге де әзілмен жауап берді.

— Арамызда ешқандай өшпенділік болған жоқ. Бір-біріміздің конькиіміздің жүзін қайрап, зиян келтіруге тырысқан емеспіз (күледі). Ол өз жұмысын атқарды, мен өз жұмысымды істедім, — деп атап өтті Бояркин.

Жақында Никита «Барыстан» кеткеннен кейін алғаш рет Астанада бұрынғы командасына қарсы қонақ қақпашысы ретінде мұз айдынына шықты.

— Жанкүйерлер мені жылы қарсы алды, ойын бойы қолдау көрсетті. Өз үйімде ойнағандай әсер алдым десем де болады. Бұл өте жағымды болды, — деп түйіндеді қақпашы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын 15 қарашада елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізген болатын.