Үш күнде 10 мың бұзушылық: Ақтөбедегі жаңа камералар жол ережесін бұзғандарды тіркеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында іске қосылған 66 камера 3 күнде 10 мыңнан астам бұзушылықты тіркеді. Жүргізушілердің көбі жылдамдықты сақтамаған.
Ақтөбе қаласында 16 тамыз күні 66 жаңа камера іске қосылды. Облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Әлем Көптілеуовтің айтуынша, жол қозғалысы ережесін бұзу дерегімен қатар іздеуде жүрген автокөлік иелері де анықталады.
— Ақтөбеде іске қосылған камералардың жұмысын талдау барысында облыс орталығының көшелерінде ең көп таралған бұзушылық — жылдамдық режимін асыру. Бұл камералар іздеуде жүрген, айыппұлы көп, бағдарда тұрған, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін таққан автокөліктерді анықтайды. Аталған камералар Ақтөбе қаласының 66 жерінде орналасқан. Сонымен бірге қалада орнатылған барлық камералардағы жылдамдықты өлшеу шегі ҚР Жол жүрісі ережелеріне сәйкес 60 км/сағ екенін хабарлап отырмыз, - деді Әлем Көптілеуов.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша жыл басынан бері 416 жол-көлік апаты болды. Онда 94 адам көз жұмып, 578-і жарақат алды.