Үш күннен бері сусыз отыр: Ақтауда тұрғындар жолды жауып, ауыз су беруді талап етті
АҚТАУ. KAZINFORM – Бүгін сағат 19.20-да Ақтау қаласындағы 19-шағын ауданда 23-үйдің жанына тұрғындар жиналып, 3 күннен бері ауыз сусыз отырғандарына шағымданды.
Тұрғындармен кездесуге Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тнәлиев келді. Сондай-ақ тұрғын үй инспекциясы бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері, және «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің басшылығы келіп, ауыз суға қатысты жағдайды түсіндірді.
Олардың айтуынша, бүгін «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі ауыз судың көп шығынына байланысты қысымды сағат 19.00-ге дейін уақытша төмендеткен.
Уәкілетті тұлғалар тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін тұрғындар үйлеріне тарады.
Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстауда ауыз су тапшылығын болдырмау үшін 7 жоба іске асырылатынын жазған едік.