Көпір құрылысының ұзаққа созылуы қала тұрғындары мен кәсіпкерлеріне қолайсыздық туғызған. Жол қозғалысы шектелгендіктен, тұрғындар каналдың арғы бетіне айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Ал көпір маңындағы сауда орындарына келушілер азайып, кейбір кәсіпкерлер жалға алу бағасын төмендеткен.
Қазір құрылыс алаңында көпірдің негізгі бөліктерін жалғау және монолиттік жұмыс жүргізіліп жатыр. Учаске басшысының айтуынша, келесі кезеңде арматура төселіп, бетон құйылады. Бетон қатқаннан кейін асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылады.
Жауапты бөлім өкілдерінің мәліметінше, құрылыстың ұзаққа созылуына мердігер мекемелерге қатысты мәселе себеп болған. Алғашқы мердігер келісімшарттағы міндеттемелерін орындамаған. Онымен арадағы дау екі рет сотта қаралған. Кейін тартылған екінші мердігер де жұмысты жалғастырмаған. Қазір нысанды аяқтау үшін үшінші мердігер жұмыс істеп жатыр.
- Бірінші мердігермен екі мәрте соттастық. Апелляциялық шағым бойынша да сот процестері болды. Екінші мердігермен де бірінші сатыдағы сотта жеңіске жеттік. Осындай сот процестері мен басқа да себептерге байланысты құрылыс осы уақытқа дейін созылып келді, – деді Жылыой аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітов.
Жоба құны – 330 млн теңге . Қазіргі мердігерге құрылысты аяқтау үшін қалған 180 миллион теңге қаражат қарастырылған. Жоба бойынша көпірдің ұзындығы – 24 метр, ені – 15 метр. Нысанда көлік қозғалысына арналған жолмен қатар жаяу жүргіншілер өткелі мен жарықтандыру жүйесі болады.
Бұған дейін Атырау – Орал және Атырау – Индер жолдарын жалғайтын көпірде ауыр жүк көліктеріне шектеу қойылғанын жазған едік.