Үш облыста бидай мен ұнды тасымалдау бойынша үйлестіру штабтары құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы Қазақстанда бидай мен ұнды көлікке тиеу мен оны тасымалдау көлемі 12,1 млн тоннаны құрады. Оның ішінде 8,9 млн тоннасы бидай және 3,2 млн тоннасы ұн түрінде тиелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл көрсеткіш 2016 жылдың деңгейінен 6,1 пайызға артық. Республика аумағында ең үлкен өсім ұнды тиеу көрсеткішіне тиесілі, яғни 866,1 мың тонна немесе 2016 деңгейімен салыстырғанда 130 пайыз деңгейінде», - деп нақтылады ҚР ИДМ баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, 2017 жылы Ақтау порты арқылы 995 мың тонна бидай өткізілді. Осы орайда 2016 жылмен салыстырғанда өсім 24 пайызға артық.

«Қажетті теміржол жылжымалы құрамамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шара жоспары бекітілді. Соған сәйкес, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктері жанында бидай мен ұнды тасымалдау бойынша іс-әрекетті үйлестіру жөніндегі жедел штабтар құрылды», - делінген ведомство мәліметінде.