«Министрлік тұтынушылық көңіл-күйді үнемі қадағалап отырады. Айталық, өткен жылдың қорытындысында 10 мың респонденттен алынған әлеуметтік сауалынама нәтижесі бойынша жағдай мынадай: 31 пайызы азық-түлік тағамдарының жарамдылық мерзімінің және сақтау нормасының сақталмауына тап болған. Ең көп наразылық Алматы қаласында және Атырау мен Шығыс Қазақстан облысында байқалады. Сауалнамаға қатысқандардың 24 пайызы тауар сапасына риза емес. Олар Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, сонымен қатар елордамызда көп. 19,2 пайызы заңмен талап етілетін азық-түлік тағамдары туралы ақпараттың жоқтығына шағымданды. Бұл жайында Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында тұратын респонденттер хабарлады», - деді министр БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, тұтынушылар құқықтарын қорғау тиімділігін арттыру тек мемлекеттік органдарға ғана емес, сонымен қатар үкіметтік емес институттарға да байланысты.
«Бірлескен жұмыстың нәтижесінде импортталатын өнімнің 68 түріне зерттеу жасалды. Олардың 19 түрі бойынша тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы нормативтердің бұзылуы анықталды. Атап айтқанда, сөз өнімнің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, мәлімделген сипаттамасы мен құрамына, сонымен қатар таңбалау талаптарына сай келмеуі сияқты бұзушылықтар жайында болып отыр. Қорытындысында министрлік тамақ өнімдерінің сәйкестігі туралы 63 декларацияның сәйкестігін бағалау туралы 200-ден астам құжатты жойды», - деді Арман Шаққалиев.