Үш тұғырлы тіл саясаты - жастардың жарқын болашаққа жолы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні білім беру саласында жұрт ойланатындай тың өзгерістер орын алып отыр. ҚР Білім және ғылым министрі мәлімдеме жасағаннан бері көпшілік «бұл қалай болар екен?» деп абдырап қалғаны рас. Халық арасында қызу талқыға түскен негізгі мәселе - үш тұғырлы тіл. Үш тұғырлы тіл мәселесінен қорқып, үркудің қажеті жоқ. Себебі, мұл әңгіме айтылғалы біраз жыл боп қалды, түбі солай болары сөзсіз. Себебі заман ағымы солай. Ұрпағымыз бірнеше тілді меңгерсе несі айып? Қазақ тілі - ана тіліміз болса, орыс тілі - ресми тіл, ағылшын тілі - халықаралық қатынастар тілі екендігін әрбір көзі ашық азамат түсінеді. Иә, қазақ тілін сүю, құрметтеу, қадірлеу әр қазақтың қасиетті борышы. Ұрпағын ана тілінде сөйлете алмаса, оған ұлттық құндылықтардың дәмін татырмаса, ұлттық тәлімді сіңіре алмаса, ол отбасындағы ата-ананың, ата-әжелердің кешірілмес кінәсі деп ойлаймын. Ал, қазіргі ұрпақ зулап бара жатқан заман ағысына ілесе алмаса, үлкен кемшілік. Жастарға бар мүмкіндік жасалды, шет елге шығып оқиды, қызыметіне байланысты тәжірибе алмаса алады. Ол ненің арқасы? Әрине, шет тілін меңгергендіктің арқасы! Ендеше неге үш тұғырлы тіл мәселесінен қоқуымыз керек?

Үш тілде білім беруді  Қазақстан мектептері  егемендік алғаннан бері біртіндеп тәжірибеге енгізіп келеді. Ол қазақ түрік лицейі мен Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асуда. Нәтижесі керемет! Алтыншы сынып бітіретін оқушылар жапа-тармағай сол мектептерге түсуге талпынады. Неге? Әрине, болашағы зор болғандықтан. Ендеше сол мүмкіндік жалпыға білім беретін мектептер мен лицей, гимназияларға да туып тұр ғой. Иә, жұрттың дау туғызып жатқаны, бастауыштан бастап ағылшын тілін енгізу мәселесі болатын.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деген ескерту айтқан болатын. Дегенмен, «Үш тұғырлы тілдің» мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілік ұғына алмауда. Одан бөлек, Президентіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететініне кепілдік беріп отыр. Ескерте кетуіміз керек, елбасымыз әлемдік саяси аренада өз беделі бар, бүкіл әлемді бақылауға алып отырған БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун үлкен құрметпен қарайтын, жер жүзінде алғашқы өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан, бейбітшілікті сүйетін және белсенді насихаттап жүрген үлкен тұлға. Демек, әлемдік беделі бар үлкен тұлғаның әрбір сөзінен күмән, күдік іздеудің өзі бізге, халыққа сын. Президентіміз берген уәдесін орындай алатын Қазақстанның №1 жауапты тұлғасы. Осыны есте сақтаған жөн.  

Негізінен, бастауыштағы білім ана тілінде оқушы бойына сіңіріліп, ағылшын тілі жетінші сыныптан бастап дәл КТЛ мен НИШ-тағыдай тіл үйретіп барып, жоғарғы сыныптарда информатика, химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде оқытса жөн болар еді дер едім. Себебі, жоғары сынып оқушылары қалай дегенмен оңы мен солын танып қалаған балалар. Олардың алдында мамандық таңдау, оқу орнын таңдау мәселесі тұр, сондықтан, олардың тілдерді жетік меңгеруге қызығушылығы да зор болады. Әрі ана тілі туралы да оң көзқарасы қалыптастын кез.

«Үш тұғырлы тілдің», шын мәнінде, мемлекеттік тілге мүлде зияны жоқ. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр. Мәселен, Орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер міндетті түрде қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді өте жақсы білуі тиіс. Жоғары оқу орнында да ағылшын мен орыс тілін қазақ тілімен біріктіріліп ғана оқытылуы керек. «Үш тұғырлы тілді» тек мәдениетаралық қатынас негізінде қарап, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйретіледі.