Үш ұшқыштың тағдыры: Иран мен Қатар неге дауласып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Иран мен Қатар мемлекеттері жарты жылға жуық уақыт өткен соң үш әскери ұшқыштың тағдырына қатысты дауды қайта бастады. Иранның Сыртқы істер министрлігінің күдігінше, наурыз айында соққыға ұшыраған Су-24 ұшағының ұшқыштарын Қатар тұтқында ұстап отыр. Ал Доха мұндай айыпты үзілді-кесілді жоққа шығаруда. Kazinform агенттігінің аймақтағы меншікті тілшісі Таяу Шығыстағы жанжалдың жай-жапсарын баяндады.

Фото: Modern.az

Иранның Сыртқы істер министрлігі жоғалған үш әскери ұшқыш табылғанға дейін оларды Қатарда тұтқында отыр деп есептейтінін мәлімдеді. Доханың тағылған айыпты жоққа шығарғанымен, қарсы тарап райынан қайтар емес.

Екі ұшақтың бортында Иранның төрт әскери ұшқышы болған. Кейін Қатардың іздеу-құтқару қызметтері ұшқыштардың бірін – бригада генералы Маджид Каземидің мәйітін тапты. Генералдың жеке басы анықталғаннан кейін марқұмның денесі Иран тарапына берілген. Шілде айында оның денесі туған жерінде жер қойнына тапсырылды.

Тегеранның нұсқасы бойынша, Каземи басқарған ұшақ Әл-Удейд әскери базасына жасаған соққыдан кейін кері қайтып келе жатқан кезде атып түсірілген. Экипаждың қалған үш мүшесі – Джавад Салехи, Абдолмәджид Даштиани және Имран Бехрушианның тағдыры әзірге белгісіз.

Иранның ұстанымы

Бірнеше ай бойы Иран қалған үш ұшқышты ресми түрде хабар-ошарсыз кеткендердің қатарына қосып келген. Алайда 15 тамызда Тегеран алғаш рет олардың аман қалуы мүмкін екенін және Қатарда тұтқында болуы ықтимал деп айтты.

Сонымен қатар Иранның хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу комитетінің төрағасы, генерал Мохаммад Багерзаде Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Мирьяна Споляричке хат жолдаған. Хатта ұшқыштар ұшақтан катапульт арқылы секіріп аман қалғаны жазылған және Қатар тарапы оларды қолға түсіріп, шамамен алты айдан бері тұтқында ұстап отыр деп жазылған.

Иран тарапының мәліметінше, ұшқыштарға отбасымен және Тегеран өкілдерімен байланысуға мүмкіндік берілмепті. Иран Халықаралық Қызыл Крест комитетінен әскерилердің қайда екенін анықтауға әрі оларды елге қайтаруға жәрдемдесуді сұрады.

Келесі күні Багерзаде Иран әскерилері мен арнайы сарапшылар бірнеше айдан бері Қатарға кіруге рұқсат ала аламай отырғанын жеткізді. Оның пайымдауынша, Қатар тарапы тергеуді әдейі созып отырған сыңайлы. Сондықтан оқиға орнын тексеру үшін мамандарды елге кіргізуді талап етті.

Қатардың жауабы

Доха барлық айыпты теріске шығарып, төрт экипаж мүшесінің бірінің мәйіті табылғанын ғана растаған. Олардың нұсқасы бойынша ұшақтар атып түсірілгеннен кейін іздеу-құтқару бөлімдері іздеу операциясын дереу қолға алған көрінеді. Іздеу барысында тек генерал Маджид Каземидің мәйіті табылыпты. Кейін ұшқыштың денесін отанына жеткізу үшін Тегеранмен байланыс орнатқан.

Дегенмен оқиғаға қатысты екі елдің таратқан мәліметінде маңызды қайшылық бар.

Тегеран өз сарапшылар тобы бірнеше айдан бері Қатарға кіруге рұқсат ала алмай отыр деген болатын. Доха, керісінше, сәуір айында-ақ ирандық делегацияны елге шақырып, іздеу-құтқару операциясының нәтижесі туралы ақпарат беруге дайын болғанын айтып отыр. Бұл ұсынысқа Иран тарапынан жауап болмаған.

Дау неліктен дәл қазір ушықты?

Қазір Қатар мемлекеті Тегеран мен Вашингтон арасында араағайындық жасап отыр. Доха аймақтағы шиеленісті шешуге қадам жасалған сәтте мұндай айыпты құптамауда.

17 тамызда Иран Сыртқы істер министрлігі ұшқыштардың тағдырын анықтау Қатармен қарым-қатынасқа, оның делдалдық рөліне әсер етпеуі керек екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Иран АҚШ-ты Парсы шығанағын ластады деп айыптады.

Пәкістан АҚШ пен Иранды келіссөз үстеліне оралуға шақырды