Үш жасар қыз ғаламның ең ақылдыларының қатарында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғаламның ең ақылды адамдарды біріктіретін «Менса» халықаралық ұйымы өз қатарына америкалық Куин-Крик қаласының тұрғыны (Аризона штаты), әлі балабақшаға да бармайтын 3 жасар Алексис Мартинді қосты. Жергілікті БАҚ хабарлағандай, тест нәтижелері Алексистің зердесінің көрсеткіші 160 ұпайды құрайтынын көрсеткен. Ал орташа дәреже 100 ұпай екен, деп жазды ИТАР-ТАСС.

Қыздың әкесі Ян Мартин журналистерге қызының бүгіннің өзінде жасына сай емес ақыл көрсеткішін көрсетіп жатқанын айтты. Алексис АҚШ-тың 5-сынып оқушылары дәрежесінде оқи алады, барлық американдық штаттардың астаналарын жатқа біледі, әлем картасында өз елін көрсете алады, тіпті, ата-анасының iPhone арқылы өздігінше испан тілін базалық деңгейде меңгеріп алған.

Мартиннің сөзіне қарағанда, ол жары екеуі қызының бұл қасиетін 1 жасында-ақ байқаған. Ол кезде кішкентай қыз түнде ата-анасы оқыған ертегінің мазмұнын айтып берген.

Алексис Аризонадағы "Менсаның" ең жас мүшесі. Жалпы, ұйымның құрамына 56 мың ересек және 3,3 мың кәмелет жасқа толмаған америкалықтар енген.