2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Үш жылда 803 жас ғалым баспаналы болды

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 3 жылда елімізде 803 жас ғалым баспанаға ие болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінен мәлім етті.

Фото: Kazinform

Ведомство мәліметінше, жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Жас ғалым» гранттық бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдары жалпы сомасы 23,16 млрд теңге болатын 941 жоба мақұлданды. Бағдарлама ғылымдағы дарынды жастарды қолдауға, тәуелсіз зерттеу топтарын дамытуға және ғылыми көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.

Жобаларды қаржыландыру көлемі де артқан. Атап айтқанда, қолданыстағы жобаларды қаржыландыру 2023 жылғы 2,75 млрд теңгеден 2025 жылы 7,58 млрд теңгеге дейін өсті.

— Сонымен қатар жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да шаралар қабылданып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 803 жас ғалым баспаналы болды. Оның ішінде 2023-2026 жылдары «Отбасы банк» АҚ арқылы іске асырылатын несие бағдарламасы шеңберінде 660 пәтер берілді. Ал 2024-2026 жылдары Алматы қаласында 143 жас ғалымға пәтер тегін табысталды, — деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Бұған дейін жас зерттеушілер электр желілеріне арналған ЖИ және қатерлі ісікті емдейтін наногель әзірлеп жатқанын жазған едік.