Вице-Президент Ерлан Қарин БҰҰ Бас хатшысының балалар мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджидпен кездесті.
Кездесуде балалардың құқықтарын қорғау, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, өскелең ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелері бағытындағы ынтымақтастықты дамыту жайы талқыланды.
Ерлан Қарин балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Вице-Президент балалардың құқықтарын қорғау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында қабылданған заңнамалық және әлеуметтік шаралар туралы мәлімет берді.
Кейінгі 3 жылда Қазақстанда балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған 11 заң қабылданды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау және ақпараттық-цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жаңадан 2 заң жобасы әзірленді.
Президент тапсырмасы бойынша 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленіп, іске асырылуда.
2024 жылмен салыстырғанда балаларға қатысты аса ауыр қылмыстар саны 45%-ға, ал оларды жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу қылмыстарының саны 10%-ға азайғанына назар аударылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстар да 10%-ға азайған. Вице-Президент балалардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
Бұдан бөлек, Ерлан Қарин Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. Бағдарлама аясында соңғы 3 жылда 7 миллионнан астам балаға 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды.
Сондай-ақ Вице-Президент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының стратегиялық бағытын іске асыру мәселелеріне тоқталды. Осы ретте жаңа Конституцияның отбасы мен балалық шақты қорғаудағы, адами капиталды дамытудағы маңызына назар аударылды. Өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі конституциялық құндылықтардың рөліне ерекше мән берілді.
Наджат Маалла Мджид Қазақстанда балаларды қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған реформаларға жоғары баға берді.
Сонымен қатар басқосуға БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвар да қатысты.