Үш жылда геологиялық барлау саласына 280 млрд теңге жеке инвестиция тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Үш жылда геологиялық барлау саласына 280 млрд теңге жеке инвестиция тартылды. Бұл турады GECA 2026 халықарлық геологиялық форумының жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: freepik.com

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Президент тапсырмасы бойынша инфрақұрылымды жақсартуға және қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды реформалар іске асырылып жатыр, - деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының іске қосылуы маңызды қадам болды. Ол көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етті.

- «Бірінші келді – бірінші алды» қағидаты бойынша әлемдік озық тәжірибе негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру процесі айтарлықтай жеңілдетілді. Бұл соңғы үш жылда геологиялық барлау саласына шамамен 280 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік берді. Пайдалы қазбалардың қорлары бойынша халықаралық есептілік стандарттары енгізілді. Геологиялық зерттеу тәсілдерін одан әрі жетілдіру үшін 1:50 000 масштабтағы геофизикалық карталарды әзірлеу қолға алынды, - деді Премьер-министр.

Айта кетейік, кеше форумның бірінші күнінде Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров елімізде геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі 433 млрд теңгеге жеткенін атап өтті.