Үш жылдық бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған күйінде қалады – Сенат

Фото: senate.parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы талқыланды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

2026 жылы қорғаныс шығыстары ЖІӨ-нің 1 пайызын құрайды

- Бюджет жобасы Парламентте кеңінен талқылаудан өтті. Парламент Сенатымен бірлескен жұмыс нәтижесінде келесі басым бағыттарға шығыстар қайта бөлінді: жергілікті жерлерде инфрақұрылымдық міндеттерді шешу үшін өңірлерді дамытуға 28,5 млрд теңге қарастырылды, ал мемлекетіміздің көлік логистикасын дамытуға 57,7 млрд теңге көзделді. Бұл жобаларды іске асыру инфрақұрылымның сапасын жақсарту арқылы халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға, сондай-ақ еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтіп, тауар айналымын жеделдетуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, биылғы бюджетті қалыптастыру өткен жылдардан айтарлықтай ерекшеленеді, себебі бұл жаңа Бюджет - кодексінің негізінде әзірленген алғашқы бюджет, - деді ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы.

Республикалық бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған күйінде қалып отыр. Осы саладағы шығыстардың тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар құрылымдық реформалар жүргізілді:

- адами факторды барынша азайту мақсатында төлемдерді тағайындау цифрлық тетіктерге көшірілді;

- медициналық көмектің жекелеген түрлері тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне алмастырылды. Бұл бюджетке жүктемені оңтайландырып, медициналық қызметтермен қамтылуды кеңейтеді.

- мәдениет нысандарының кірістерін арттыру жолымен оларды өзін-өзі өтеуге ішінара ауыстыру жоспарланды.

- Осылайша, 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,8 трлн теңге бағытталатын болады, оның ішінде 6,8 трлн теңге – әлеуметтік төлемдер және 4 трлн теңге – адами капиталға арналған инвестиция. Экономиканың нақты секторын дамыту да маңыздылығы жағынан кем түспейтін басым бағыт. 2026 жылы нақты секторды дамытуға 3,6 трлн теңге бөлінді. Сондай-ақ, бүгінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - елдің қорғаныс қабілеті мен күш-қуат әлеуетін нығайтуда өте маңызды. 2026 жылы күш блогын қаржыландыруға 3,1 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл осы жылмен салыстырғанда 379 млрд теңгеге артық. Бұл тұрғыда 2026 жылғы қорғаныс шығыстары жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын құрайды, - деді вице-министр.

Сенат енгізген өзгерістер

Сенат комитеттері мен депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Заңды талқылау барысында Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады:

- жылумен жабдықтау жүйесін дамытуға жалпы сомасы 37,9 млрд теңге, оның ішінде 2026 жылға – 9,8 млрд теңге;

- жылу, электр энергетикасын дамытуға жалпы сомасы 7,7 млрд теңге, оның ішінде 2026 жылға – 4,7 млрд теңге;

- су ресурстарына жалпы сомасы 8,9 млрд теңге, оның ішінде

2026 жылға – 2,3 млрд теңге;

- газ тасымалдау жүйесін дамытуға жалпы сомасы 5,5 млрд теңге;

- жағалауды күшейту жұмыстарына 2026 жылы 2,2 млрд теңге;

- өнеркәсіп салаларын дамытуға жәрдемдесуге 2026 жылы

1,5 млрд теңге.

Бұдан басқа, мемлекеттік органдар арасында қаражат қайта бөлінді, сондай-ақ депутаттардың басқа да ұсыныстары ескерілді. Атап айтқанда, 2026 жылы шығыстарды ұлғайту бойынша ұсыныстар 50 млрд теңге сомасында қолдау тапты.

- Аталған заңды талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттері мен депутаттардан оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде 77 ұсыныс келіп түсті, оның 76-сы қолдау тапты және салыстырмалы кестеге енгізілді. Үш жылдық кезеңге жалпы 91 млрд теңге сомасына ұсыныстар қолдау тапты, соның ішінде 2026 жылға – 50 млрд теңге. Шығыстардың ұлғаюы Үкімет резервін қайта бөлу және борышқа қызмет көрсету есебінен жүзеге асырылады. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Сенаттың «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды Мәжіліске жіберуді ұсынады, - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бюджеттің шығыс бөлігі 2026 жылы 27,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 15,1 пайызы көлемінде, 2027 жылы— 28,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 14 пайызы көлемінде, 2028 жылы— 29,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 13 пайызы көлемінде белгіленген. 

2026 жылға түсімдер 23,1 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Оның ішінде, трансферттерді есептемегенде, кіріс - 19,2 трлн теңге. 2026 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,5% деңгейінде, ал 2028 жылға қарай ол 0,9%-ға дейін төмендейді деп болжанып отыр.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметіне қарағанда, Республикалық бюджет кірістерінің болжамы (трансферттер түсімін есепке алмағанда):

- 2026 жылға – 19 239,0 млрд теңге сомасында немесе осы жылғы бағалауға қарағанда 3 605,0 млрд теңгеге асып түсіп, 123,1% құрайды;

- 2027 жылға – 2026 жылғы болжамға қарағанда 10,4% өсіммен

21 246,1 млрд теңге сомасында;

- 2028 жылға – 2027 жылғы болжамға қарағанда 9,4% өсіммен

23 244,2 млрд. теңге сомасында айқындалған.

Атап айтқанда, 2026 жылғы республикалық бюджет кірістерінде ең үлкен үлес салмағын (98,2 %) салық түсімдері алады.