Үш жылдық бюджет жобасы Құрылтай қарауына енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы Құрылтай қарауына түсті. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева айтты.

Коллаж: Kazinform; Freepik

Оның айтуынша, депутаттар бюджет жобасын талқылауға қатысып қана қоймай, оған ұсыныстарын да енгізе алады.

— Құрылтайға түскен бюджет жобасы қазірдің өзінде белгілі бір әкімшілер мен бағдарламалар бойынша бөлінген. Егер талқылау барысында депутат түзету енгізіп, мысалы, әкімшіні өзгертуді ұсынса немесе бюджеттегі қандай да бір бағытты тиімсіз не орынсыз деп санаса, тиісті ұсынысын енгізуге құқылы, — деп түсіндірді Дәния Еспаева.

Вице-спикердің сөзіне қарағанда, депутаттар жекелеген бағытқа, оның ішінде өңірлердің қажеттіліктеріне қосымша қаражат бөлуді де ұсына алады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Мұндай жағдай жиі кездеседі. Әдетте өңірлерден сайланған депутаттар өз облыстарын қаржыландыру көлемін арттыруға қатысты түзетулер енгізеді. Мұндай ұсыныс тіркеліп, жұмыс тобы тарапынан қаралады. Бюджетті қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылады, — деді Құрылтай төрағасының орынбасары.

Ол депутаттардың ұсыныстары Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес болуы керектігіне назар аудартты.

— Республикалық бюджет — аса маңызды, нақты есептеуді қажет ететін құжат. Сондықтан депутаттардың өзіне де белгілі бір талап қойылуы керек. Ұсыныс енгізу немесе талқылауға қатысу кезінде міндетті түрде Бюджет кодексіне сүйену қажет. Сол себепті қазір жұмыс топтарын қалыптастыра отырып, депутаттарымызды Бюджет кодексімен таныстыруға арналған арнайы іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 25 тамызында Үкімет үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын бекіткен еді.