Үш жол жобасына 3 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Ақтөбе – Ұлғайсын» жолы учаскесінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Үкімет

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет жетекшісінің тапсырмасымен Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, «Ақтөбе — Ұлғайсын» автожолының 791-819-шы шақырымдар аралығындағы 28 шақырымдық учаскесінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл жол — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің маңызды бағыты.

- Биыл тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы үш ірі жол жобасының құрылысын телекөпір арқылы бастап берді. Олар — „Ақтөбе — Ұлғайсын“, „Ұлғайсын — Сексеуіл“ және „Сексеуіл — Қызылорда“ бағыттары. „Ақтөбе — Ұлғайсын“ бағытында 262 шақырым жол қайта жаңғыртылып, техникалық санаты екіншіден бірінші санатқа көтеріледі. Сонымен қатар Сексеуіл мен Бейнеу аралығында құмды алқап арқылы жаңа жол салынуда. Үш жобаға 3 трлн теңгеге жуық қаражат бөлініп, 1900 шақырымнан астам жолды салу және жаңғырту жоспарланған. Жұмыстардың барлығын алдағы үш жыл ішінде аяқтау көзделген. Осы ретте мердігер ұйымдардың алдына жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауға бар күш-жігерін жұмсау міндеті қойылуда, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жол құрылысының сапасын қамтамасыз ету үшін Премьер-министрдің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына ғалымдар, жол саласының мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен депутаттар енді. Комиссия құрылыс кезінде қолданылатын битум, қиыршық тас және өзге де материалдардың сапасын, сондай-ақ ауыр жүк көліктерінің жолға түсіретін салмағын реттеу мәселелерін қарастырады.

Бірінші вице-премьер жол сапасына қойылатын талаптарды күшейту көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын айтты.

Төрт жолақты қозғалыс бөлігі көліктердің қарсы бағытқа шығып кету қаупін төмендетіп, қауіпсіздікті арттырады. Бұдан бөлек, қыс мезгілінде жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсету үшін арнайы техника мен құтқару құралдары алынуда.

Қозғалыс ашылған 28 шақырым учаскеде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Алдағы екі аптада жарықтандыру құрылғылары мен жол қоршауларын орнату жоспарланған. Жолға сапалы құрылыс материалдары пайдаланылса, негізі берік болып, ұзақ мерзімге жарайды.

«Сине Мидас Строй» ЖШС зертханасының басшысы Жәнібек Медетовтің айтуынша, мамандар алдымен карьерден жеткізілген топырақтың сапасын тексереді. Зерттеу барысында материалдың максималды тығыздығы мен ылғалдылығы анықталады. Қиыршық тастың 10-20 мм және 5-10 мм фракциялары да арнайы елек арқылы тексеріледі. Бұдан бөлек, материалдардың тығыздығы мен аязға төзімділігі зерттеледі. Белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін материалдар сұрыпталып, құрылысқа пайдаланылмайды. Зертханада асфальт қоспасы мен битумның сапасы да тексеріледі. Зауыттан жеткізілген асфальт қоспалары мен төселген жолдан алынған керн үлгілері арнайы престер мен вакуумдық қондырғылар арқылы сыналады.

Мамандар битумның жоғары және төмен температураға төзімділігін, созылғыштығы мен тығыздығын бағалайды. Материалдың 50°С және 0°С градус температурадағы қасиеттері зерттеліп, белгіленген талаптарға сәйкестігі анықталады. Қазіргі уақытта компания зертханасында 10 адам жұмыс істейді.

Іс-шарада жол құрылысына пайдаланылатын техника мен жабдықтар таныстырылды.

Айта кетелік Қарағанды — Жезқазған автожолында 2,2 млн текше метрден астам топырақ төсеу жұмыстары орындалған еді.