Үш жыл ішінде елімізде жан басына шаққандағы ақшалай табыс 22 пайызға артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы үш жыл ішінде еліміздегі жан басына шаққандағы ақшалай табыс 22 пайызға артты, жалақы 21 пайызға өсті. Бүгін Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев осылай мәлімдеді.

Еске салайық, Саяси кеңесте партияның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырудың 2,5 жыл ішіндегі кезеңдік нәтижелері талқылануда. «Тұғырнамада көрсетілгеніндей, жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі Жол картасы іске асуда. 2011 жылдың шілде айынан бастап, бағдарлама бойынша 400 мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Ауылдарда шағын несие беру тетігі де белсенді жүргізілуде. Бүгінгі күні 36 мың 500 ауыл тұрғынына шағын несие берілді, оның 25 мыңнан астамы өз ісін ашып, қосымша жұмыс орындары құрылды», - деді Бақытжан Сағынтаев. Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары сайлауалды тұғырнаманың міндеттері аясында «Халықтық ІРО» бағдарламасы да жүзеге асып жатқанын, соның ішінде «ҚазТрансОйл» акциялары сатылғанын, КЕГОК акцияларын орналастыру 5 қарашадан бастап қолға алынғанын жеткізді. «Зейнетақы жүйесін дамытуды одан әрі жалғастырудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің пайдасына 5 пайыздық жарна аударатын жаңа шартты жинақтаушы жүйе 2018 жылдың 1 қаңтарынан қолданылатын болады. Ал зейнетақының орташа мөлшері 1,3 есеге өсті», - деді Б.Сағынтаев.