Ұшақ апаты. Azerbaijan Airlines қаза тапқан отбасыларға қанша өтемақы төлейді

Фото: Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы Ақтау маңындағы әуе апатынан зардап шеккендер мен қаза тапқан жандардың отбасына өтемақы төлейді.

— Әзербайжан әуекомпаниялары жабық акционерлік қоғамы бақылау кеңесінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 2024 жылғы 25 желтоқсанда апатқа ұшыраған Баку-Грозный J2-8243 рейсін орындаған Embraer 190 ұшақ апатында зардап шеккен жолаушылардың әрқайсысына 20 000 манат (шамамен 5 млн теңгеден астам), ал қаза тапқан жандардың отбасына 40 000 манат мөлшерінде өтемақы тағайындалды (шамамен 11 млн теңгеден астам), — делінген әуекомпанияның хабарламасында.

Сонымен қатар, барлық жолаушы Әзербайжан Республикасының заңнамасына және озық халықаралық тәжірибеге сәйкес қолданылатын тиісті сақтандыру төлемін алады. 

Бұған дейін Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қайтыс болған қазақстандықтардың отбасына мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетілетіні туралы хабарлаған едік.