Ұшақ апатын зерттейтін комиссия сарапшыларды күтіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау маңында әуе апатының себебін арнайы комиссия зерттеп, анықтайды.
— Барлық ел басшылыққа алатын алгоритм, стандарттар бар. Арнайы комиссия мән-жай мен барлық дерекке сүйене отырып, қара жәшіктер бойынша шешім қабылдайды, — деді Көлік министрінің орынбасары Талғат Ластаев Ақтауда өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, қазір комиссия жинақталды, енді сарапшыларды күтіп отыр.
— Қазір барлық фрагмент жиналып, тізбектеліп жатыр. Сарапшылар ертең келеді, өндіруші ел-Бразилия, тасымалдаушының өзі ертең келеді. Барлығы жиналған кезде шешім қабылдайды. Алгоритм сондай, — деп толықтырды министрдің орынбасары.
Бұған дейін Ресей мен Әзербайжан ұшақ апатын зерттейтін криминалистикалық тергеуге жіберілмейтінін хабарлаған едік.
Брифинг барысында Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы ұшақ апатының себебіне қатысты түсінік берді.
Айта кетейік, Ақтау маңындағы ұшақ құлаған жерден тағы бір қара жәшік табылды.
Сондай-ақ Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қайтыс болған қазақстандықтардың отбасына мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетілетіні белгілі болды.
Одан бөлек, ұшақ апатынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы айтылды.