Ұшақ апатынан мерт болған Талғат Патсаев Шымкентте жерленді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Алматы маңындағы ұшақ апатында қаза тапқан дәрігерлердің бірі Талғат Патсаев бүгін туған жері Шымкентте жерленді. Білікті дәрігер, профессорды туған-туыстары мен жора-жолдастары, әріптестері ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 46 жасында дүниеден озған Талғат Патсаев «Акушерлік және гинекология» бойынша медицина ғылымдарының докторы болатын. Үш тілді еркін меңгерген өз ісінің білікті маманы еді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық перзентханада көп жылдар бойы акушер-гинеколог болып қызмет атқарған.


Ал, 2009 жылдан қазіргі таңға дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Акушерлік іс, гинекология және перинатология ғылыми орталығының оперблок меңгерушісі болып еңбек етті. Жоғарғы санаттағы маман болған. Жұбайы Нұржамал Жардемалиевамен екі ұл тәрбиелеп, өсірген. Бүгін еліне адал қызмет атқарған азаматты соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде оны әріптестері, жолдастары бәр сәт еске алып, сөз сөйледі.

«Біз Талғат Патсаевпен 20 жылдай бірге жұмыс істедік. Ол кандидаттығын қорғады, кейіннен докторлығын да қорғап шықты. Шапшаң қимылдайтын әрі талантты дәрігер болатын. Сонымен қатар ұжымдастарының алдында да тамаша адам еді. Кез-келген уақыққа қол ұшын беруге дайын тұратын. Алматыда жүрсе де Шымкенттегі әріптестеріне жоқ деп айтпайтын, қай уақытта болмасын ақыл кеңестерін беріп, айына екі рет келіп жүретін.  Балалары әлі жас. Кім біледі, болашақта олар да әке жолын қуып, оның ісін жалғастырар дәрігер болатын шығар», - дейді әріптес досы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Құдайбергенов.

Талғат Патсаев сондай-ақ Қазақстан медицинасында алғаш рет бауырдан донор болған әйелдің жүктілік кезін бақылап, оны босандырып алған дәрігер саналады. Жақсы күтім мен дәрігерлік бақылаудың арқасында Алматылық Мадина Нұрсұланқызы өмірге сау баланы әкелді. Марқұм болған маманның әкесі Әнапия Патсаев та танымал профессор, медицина ғылымдарының докторы. Анасы да химия саласының ғалымы, туған әпкесі де әкесімен бірге дәрігерлік қызмет атқарады.

«Талғат Патсаевты  туа біткен дәрігер десе де болады. Жұмысын өте жақсы көретін. Өзгелерді де үйретіп, өзі де үйренуден жалыққан емес. Қай кезде болмасын ол азаматтан көмек те, қолдау да күтуге болатын. Дәрігер арасында да өте беделді, сыйлы жан еді. Әрине, апат айтып келмейді, бірақ сондай азаматты жоғалтып алу бәрімізге де ауыр тиді, қабырғамызды қайыстырып кетті десе де болады. Не дейміз, енді иманы өзіне жолдас болсын, қазаның арты қайырлы болсын»,- дейді марқұмның жолдасы әрі әріптесі Ерлан Тәжібаев.

Марқұмның жаназасын шығаруға халық көп жиналды. Құран бағышталып болған соң, оның денесі бүгін Шымкенттегі зираттардың біріне жер қойнына тапсырылды.

Еске салайық, 3 қазанда Алматыдан Шымкентке дәрігерлер бригадасы ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелге көмектесу үшін санитарлық авиарейсімен жолға шыққан болатын. «АН-28» ұшағы артынша родардан жоғалып кетіп, ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшыраған еді. Апат салдарынан борт экипажының үш мүшесі мен екі дәрігер қаза тапты.