ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобыландин мәлім еткендей, елорда әуежайындағы желілік полиция бөліміне «Air Astana» әуе компаниясының өкілінен Франкфурт-Нұр-Сұлтан бағытындағы әуе рейсінің бортында құқықбұзушылық болғаны жөнінде хабар түскен.
Жолаушы ұшып келгеннен кейін акт бойынша көлік полициясына берілді.
«Тексеру барысында полицейлер ұшу кезінде әуе кемесінің дәретханасында темекі шеккен 58 жастағы Германия азаматының темекі шеккенін анықтады. Ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 441-бабы 1-2-бөлігіне (әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтыну) сәйкес хаттама толтырылып, 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді полиция полковнигі Қ.Қобыландин.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері көлік сақшылары әкімшілік құқықбұзушылыққа барған 12 687 адамды жауапкершілікке тартты. Соның 257-сі белгіленбеген орындарда шылым шеккен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматы облысында жасырылған қару табылғанын жазған болатынбыз.