Threads әлеуметтік желісінде ұшақ салонынан түсірілген бейнежазбалар жарияланды. Онда ұшақтың қатты шайқалғаны және сыртта найзағай жарқылдары көрінеді.
Жолаушылардың айтуынша, рейс Алматыдан бір сағатқа кешігіп ұшқан. Ал Шымкентке қонуға шамамен 15 минут қалғанда ауа райы күрт нашарлап, қатты турбуленттілік басталған.
— Найзағай ойнап, ұшақ қатты шайқалды. Жерге жақын болғандықтан көптеген жолаушы қорқып, кейбірі жылап, дұға оқыды. Бортсеріктер жағдайдың бақылауда екенін айтып, сабыр сақтауға шақырды. Кейін экипаж Тараздағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Біз ол жерге түнгі сағат екі шамасында жеттік. Кейін Шымкентке қайта ұшу ұйымдастырылды, бірақ бастан кешкен жағдайдан кейін жолаушылардың жартысына жуығы ұшуды жалғастырудан бас тартты, — деді жолаушылардың бірі.
SCAT әуе компаниясы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында ұшақтың қосалқы әуежайға бағытталуына ауа райының күрт нашарлауы себеп болғанын мәлімдеді.
— Шымкент әуежайына қону кезінде желдің екпіні секундына 24 метрге дейін күшейіп, найзағай мен нөсер жаңбыр байқалды. Сондай-ақ жел ығысуы қаупі болды. Осыған байланысты экипаж Таразға ұшу туралы шешім қабылдады. Ауа райы жақсарғаннан кейін әуе кемесі рейсті жалғастырды. Ұшақ қосалқы әуежайда шамамен 1,5 сағат аялдап, кейін Шымкентке қалыпты режимде қонды. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі — біздің басты басымдығымыз, — деді SCAT әуе компаниясының өкілі Виктория Старожилова.
«Қазгидромет» мәліметінше, Шымкентте желдің екпіні секундына 17 метрге дейін жеткен. Бұл көрсеткіш қауіпті метеорологиялық құбылыс санатына жатады.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер Қазақстан аумағында найзағай, бұршақ және екпінді желмен қатар жүретін қолайсыз ауа райы болатынын ескерткен болатын.