Ұшаққа кешігіп, полицейге тіл тигізген жолаушы 1 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық азамат елорда әуежайында полицейлерге қорқыту мен балағат сөздер айтқаны үшін сотталды.
Елорда әуежайында Алматы тұрғыны ұшаққа кешігіп келіп, агрессивті мінез көрсетіп, әуежай аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынудан бас тартқан.
— Тергеу барысында ер адамның полицейлердің талаптарын елемей, оларға балағат сөздер айтып, денсаулыққа зиян келтірумен ашық қорқытқаны анықталды. Оның әрекеті билік өкілдеріне қарсы қылмыс ретінде бағаланды.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы кінәні дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар ұсынды. Істі қарау нәтижесінде сот ер адамды кінәлі деп танып, 1 жыл 1 ай мерзімге бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады, — делінген Бас көлік прокуратурасы хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетелік ШҚО-да мемлекеттің 2 млрд теңгеден астам қаржысын жымқырған 3 адам сотталды.